Қазақстанда бір миллион теңгеге дейін табысы бар екі мыңға жуық азамат төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көлемінегі мемлекеттік төлем алуға өтінім берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, еңбек министрлігіне өтінім қабылдаудың алғашқы күндері мемлекеттен көмек алуға 412 мың өтінім келіп түскен.

“Біз бұл өтінімдерді тексердік. Өтініш берген 1 873 адамның қаңтар, ақпан және наурыз айларында 500 мыңнан бір миллион теңгеге дейін табысы болған. Бұл дұрыс емес шығар, біз кешірім сұраймыз, уақытыңызды жұмсадыңыз, сайтқа кіріп, өтініш жібердіңіздер, бірақ сіздер 42 500 теңгені ала алмайсыздар”, – деді министр.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, жұмыс істейтін азаматтар да ЖК ашып, осылаша, мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға үміткер болуға тырысқанын айтты. Дегенмен, мұндай әрекетке барған азаматтарда да 42 500 теңгені ала алмайды.

Алтыншы сәуір күні таңертеңгі жағдай бойынша 938 мың азаматтан 1 млн 283 мың өтініш келіп түскен.

https://stan.kz/42-500-tenge-aluga-1-mln-tabisi-bar-azamattar-da-otinis-329446