Ақшалай-кредиттік және салықтық-бюджеттік саясаттың үйлесімдігі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, сондықтан Қазақстан Ұлттық банкі ҚР Үкіметімен бірлесе отырып ел экономикасының дамуының нақтыланған болжамдарын келістірді. Ол жөнінде ҚР Парлементі Сенатының отырысында баяндамамн сөз сөйлеу барысында Ұлтық Банк Төрағасының Орынбасары Алпысбай Ахметов хабарлады.

 

Ол Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің негізгі мақсаты – бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны белгіленген нысаналы ауқым шеңберінде қолдау екенін атап өтті.

«Қыркүйек айында жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1% деңгейімен салыстырғанда 6,1%  дейін төмендеді. Қазақстан Ұлттық банкінің бағалауы бойынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталады, ал 2019 жылы 4-6% дәлізінің жоғарғы шекарасына жақын қалыптасуы тиіс», – деді А.Ахметов.

Ол депутаттарға 15 қазаннан бастап базалық мөлшерлеме 9% -пайыздан 9,25%  дейін көтерілгенін еске салды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгелік активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит шарттарын сақтауға мүмкіндік береді.

«Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бастап 23 қазанға дейін АҚШ доллары үшін 8,7% пайызға, 361,15 теңгеге дейін әлсіреді. Тенгенің әлсіреуі сыртқы факторлар салдарынан туындады. Біріншіден, бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы. Екінші фактор – бұл Ресейге қарсы санкцияларды болашақта қатаңдату туралы хабарландыру» – деп түсіндірді А. Ахметов

Қазақстан Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервтері, оның айтуынша, қыркүйек айының соңында алдын ала деректер бойынша 30 млрд. долларды, Ұлттық қордың активтері – 56,3 млрд долларды құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд. долларды құрады.

«Ағымды жылдың 8 айында депозиттер көлемі 1% пайызға, яғни 17,7 трлн теңгеге дейін артты. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсуі 4,1% немесе 380 млрд.теңгені құрады. Шетелдік валютадағы депозиттер 2,5% пайызға немесе 210 млрд.теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 46% пайызға дейін төмендеді. Кредиттеу нарығы қалпына келуде. Банктердің кредиттері жыл басынан бері тамыз айының соңында 2,5% пайызға, 13 трлн теңге  дейін өсті.» – деді А.Ахметов

Ол қайта құрылымдау барысындағы және лицензиясынан айырылған банктердің кредиттік қоржынын есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,6% немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланып отырғанын атап өтті.

«Ағымды жылдың 8 айы барысында жаңа кредиттерді беру 28,1% немесе 1,9 трлн теңгеге артты. Кәсіпорындардың теңгелік кредиттері бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2% салыстырғанда 2018 жылғы тамызда 12,2% дейін төмендеді» – деді А.Ахметов.

Өз сөзінің соңында А.Ахметов қазіргі уақытта Елбасының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстанның Ұлттық Банкі ҚР Үкіметімен және банктермен бірлесіп өтімділікті ұсыну механизмдерін жедел пысықтауға дайын екенін айтты.

«Қазақстанның Ұлттық Банкі республикалық бюджеттің параметрлерін қолдайды және бағаның тұрақтылығын және қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайтын болады» – деп қорытындылады А.Ахметов.

Ақпарат көзі: Banker.kz