2022 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Қаржы нарығын реттеу агенттігіне Үкіметпен бірлесіп стрестік активтердің цифрлық платформасы мен инфрақұрылымын құруды, оларды сатып алатын және сататын қосалқы нарық қалыптастыруды, оларды иелену үшін салықтық ынталандыруды қоса алғанда, жағдайлар жасауды тапсырды.
2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,5 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Бұл – төлеу мерзімі 90 және одан көп күннен асып кеткен қарыздар, қаржылық жағдайдың нашарлауына байланысты қайта құрылымдалған қарыздар, банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарының балансындағы активтер, сондай-ақ өндіріп алынған мүлік.
Соңғы 5 жылда қаржы жүйесіндегі стрестік активтер көлемі айтарлықтай қысқарды және қазіргі уақытта сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
2020 жылы Агенттік банктерді стрестік активтерді қысқартуына ынталандыру мақсатында жекелеген банктермен стрестік активтерді 2026 жылға қарай
0,9 трлн теңгеге дейін кезең-кезеңімен қысқарту жөнінде жеке жоспарлар жасады. Қазіргі кезде іс-шаралар жоспарлары 47%-ға орындалды, яғни кестедегі мерзімінен озып келеді.
Көрсетілген жоспарларды тиісінше орындамағаны үшін стрестік активтерді азайту жөнінде мәлімделген мақсаттарға қол жеткізілмеген жағдайда банктердің басшыларын жұмыстан босатуға дейін қатаң жауапкершілігі көзделген.
2021 жылы банк секторы активтерінің сапасына 2019-2020 жылдары жүргізілген бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің провизияларды қалыптастыру және кепіл мүлкін бағалау процестерін жетілдіруге бағытталған реттеушілік талаптар қабылданды. Бұл банктердің кредиттер бойынша провизияларды неғұрлым уақтылы және толық қалыптастыруына ықпал етеді, бұл стрестік активтердің баланстық және әділ құны арасындағы алшақтықты қысқартады.
Сонымен қатар, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, банктердің баланстарын өзін-өзі тазартудың нарықтық тетіктерін құру үшін Қазақстанда стрестік активтердің өтімді нарығын құру үшін кедергілер мен талаптарға талдау жүргізілді және оларды жою жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Агенттік әзірлеген ұсынымдарды ескере отырып, қаржы секторын нарықтық қағидаттармен стрестік активтерден тазартудың және оларды экономикалық айналымға тартудың тұрақты тетіктерін құруға мүмкіндік беретін заң жобасын әзірледі.
Атап айтқанда, жеке инвесторлардың қатысуы үшін стрестік активтерді сатып алушылардың тізімін кеңейту ұсынылады. Заң жобасында стрестік активтерді сенімді басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар құру көзделген.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін қарыз алушылармен өзара қарым-қатынас бойынша барлық қолданыстағы заңнамалық шектеулер жаңа инвесторлар мен сервистік компанияларға қолданылатын болады. Сонымен қатар, заң жобасы банктерді өндірілген мүлікті экономикалық айналымға тартуға ынталандыруға бағытталған. Ол үшін мұндай мүліктің банктердің балансында болуының 3 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады.
Тағы бір басым міндет стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады, бұл стрестік активтерді еркін сатып алу-сату үшін алаң құруды және нарыққа қатысушылар үшін ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді қамтиды.
Қазіргі уақытта нарықтың жеке ойыншылары стрестік активтерді сату бойынша жергілікті платформалар арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе сатушылар проблемалық кредиттер мен өндіріп алынған активтерді бірыңғай электрондық платформа арқылы тікелей сату есебінен неғұрлым жоғары құн ала алатынын көрсетеді.
Бірыңғай платформа сатушылар мен инвесторлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге ықпал ететін және сатылатын стрестік активтер жөнінде жалпыға қол жетімді ақпарат көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы қазіргі баға алшақтығын азайтуға және стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлар базасын кеңейтуге, стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын құруға мүмкіндік береді.
Бірінші кезекте, платформа жекелеген кредиттер мен активтер туралы ақпаратты, сондай-ақ бенчмаркинг мақсаттары үшін мәмілелер бағалары жөніндегі деректерді қоса алғанда, деректерді шоғырландырушы болуға тиіс.
Сонымен қатар, платформа транзакция процесін стандарттай алады, бұл транзакция шығасыларының төмендеуіне әкеліп, стрестік активтер нарығына әлеуетті инвесторлардың кіруіне кедергілерді жоюды қамтамасыз етеді.
Агенттік Ұлттық Банкпен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, стрестік активтерді сатып алу және сату бойынша барлық мүдделі инвесторлар мен проблемалық кредиттерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай платформа құру мәселесін пысықтайтын болады.
Дерек көзі: https://www.gov.kz/